060500 Қызылқоға ауд Миялы а Қ Сәтбаев 1 +7 (71238) 21738 mialy44@mail.ru

Қазіргі заң не деген мейірімді?

Бұрынырақта теледидардағы кинолардан көріп, жаға ұстап отыратын қайғылы оқиғалар бүгінде күнбе-күн көз алдымызда болып жатыр.

Айталық, биылғы жылдың 18 шілдесінде Атырау облыстық сотының отырысы болды. Қаралған мәселе жол оқиғасы.

Атап айтқанда, бір көлік жүргізушісінің бір адамды басып өлтіріп, бір адамды өмірлік мүгедек етіп кеткені жайлы. Оқиға 30 сәуір күні кешкі сағат 22:30 шамасында Атырау қаласындағы «Өнерпаз» сауда үйінің маңындағы көлік жүретін жол мен жаяу жүргіншілер жолының арасында болған. Қ.Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжінің студенттері екі қыз, бір ұл болып үшеуі әңгімелерін айтып келе жатады. Ойлары жолдың екінші жағына өту. Жолдың екі жағынан келе жатқан көлік көрінбейді. Ер бала жүгіріп жолдан өтіп кетеді. Соның арасынша бір көліктің келе жатқанын байқап қалған екі қыз бала жолдан өтпей шегініп жолдың жиегіне тұрып қалады. Қатты жылдамдықпен келе жатқан көлік қыздарды келіп соққан. Қастандық болмас, қателік болар. Алайда, сақтық қайда? Адам қателік жасап алып, өкінеді ғой. Сол көліктің қаққан сәтінде бір қыз сол жерде құлап қалса, екіншісі 20-30 метр жерге ұшып кеткен. Ар жағын білмейді. Бірінші қыз бала жеті күн жан сақтау бөлімінде жатып көз жұмса, екінші қыз бала ауыр жарақат алып ауруханада он күн жатқан. Алайда, оны он бірінші күні «үйден емделсін» деп шығарып жібереді. Содан әлгі қызды Махамбет ауданындағы бір сынықшы барын естіп, соған апарады. Міне, сол сынықшының бақылауында жатып, 18 шілде күні Атырау қаласындағы сотқа әкеледі. Ал, диагнозына келсек, екі жанбасы, бұғанасы, тоқпан жілігі, қабырғасы, аяғы сынған. Қысқасы, барлық сынықты темір құрсаумен таңып тастаған. Әлі өзі тұра алмайды. Көп отыра да алмайды. Төсекте таңылып жатыр. Осы оқиғаға тап болғалы үш айдың жүзі болған екен. Қазір де сол күйі төсекте таңылуда. Өмірден күдер үзбегенімен, үміт те ұзарып барады.

Өлген қыздың үй-іші жүргізушіге кешірім беріпті. Иә, өлген адамның қайтып келмесі белгілі ғой. Бірақ, барлық жол-жоралғысына қаржылай көмек көрсетсе керек. Ал, «тірі мүгедек» болған қызға сот мүшелері «екі жыл алты ай жәрдем берсе жарайды ма?» деп сұрапты науқастан. Ол шарасыздықтан келіскен болар.

Осы тұста, қарапайым сырт адамға ой келеді ғой. Ана мүгедекті көтеріп, сүйеп сот залына апарғанда залдағылар қандай күйде болды екен. Қанша қаныпезер адам болса да қаршадай қызды көргенде жылап жіберері сөзсіз. Отыра да, тұра да алмайтын қисайып жатқан адамнан не сұрамақ. Сол жерде сот залында дәрігерлер болса ғой ана байғұсты шырылдап қорғар еді-ау деп ойлайтындай. Қазіргі заң не деген мейірімді еді деп ойлайсың. Бір кісіні өлтіріп, біреуін мүгедек қылып тастаған жүргізуші тайраңдап шауып жүр. Әлде мұның басқа сыры бар ма? Осы орайда, тағы бір түйткілді мәселені айта кетсем артық болмас. Қазіргі заманның емдеу орындарында он күн деген меже бар. Ол рас. Он күннен кейін өлмесең, тұрма деп шығарып жібереді.

Жаңа ғана гүлін жарған қызғалдақтай құлпырып, өсіп келе жатқан бейкүнә екі қыз бала білім аламыз, маман боламыз, елімізге, ата-анамызға пайдамызды тигіземіз деген армандары орта жолда үзіліп, бірі өмірмен қоштасты (мақаттық), екіншісі тағдыры қыл үстінде тұр (миялылық). Бұл әрине басқаға емес ата-анаға бататыны белгілі. Бұған не істеу керек? Шын мәнінде, жол оқиғасы күнделікті жұмыс болып бара жатқан жоқ па? Естуімізше, бір кезде ит, мысық, тауық және тағы басқаларын басып кеткен жүргізушілерге шара қолданатын еді ғой. Меніңше, адам өмірі құнсызданып, ойыншыққа айналмасын. Ал, жүргізушіге деген тәртіп қатаймаса болмайды. Өкінішке орай осындай қайғылы оқиғалар сиректе болса, ауылдық жердің өзінде болып жатады. Сондықтан да аудан әкімшілігі, тиісті орындар, халық қалаулылары бірлесе жұмыс жасап, адам өміріне келетін қауіп-қатердің қандай түріне де батыл қарсы тұрып күреспесе болмас. Бейкүнә адамдардың өмірі қиылып, азап шекпесе деген тілек қой.

Оржан ҚАЗИЕВ.

Миялы ауылы

Редактор-Журналист

Әкім жұмысына баға беріңіздер

Аудан әкімінің жұмысына қандай баға бересің?
Елді мекендердің тазалығына қандай баға бересіз?
Әкім тағайындалғалы ауданда жұмыссыздық деңгейі өзгерді ме?