Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Ауыз су тапшылығы мен мал ауруы, жұртшылықты қиындыққа тіреп отыр

Өткен аптаның бейсенбісі күні аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында Миялы ауылдық округі тұрғындарының жалпы жиыны болып өтті.

Жиынға аудан әкімі Арман Баженов, аудандық мәслихат хатшысы Толқын Бейсқали, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Альберт Аққайнанов, аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім, мекеме басшылары және ауыл тұрғындары қатысты. Жиынды Миялы ауылдық округінің әкімі Нұрлан Бекешов ашып, жүргізіп отырды. Тұрғындар жиынының күн тәртібінде ауызсу және бруцеллез ауруымен күрес мәселесі қаралды. Онда алдымен баяндама жасаған «Қазсушар» РМК-ның Атырау облысы филиалы Қызылқоға өндірістік учаскесінің басшысы Сайлаубек Темірғалиев:

– Қазіргі таңда ауызсу мәселесі өте өзекті екені баршаңызға мәлім. Жаз уақытында ауызсуға деген сұраныс бірнеше есеге артады. Себебі, тұрғындар ауызсуды бақша суару, көлік жуу, құрылыс жұмыстары сияқты мақсатсыз бағытта пайдаланып, соның салдарынан суымыз жетпей жатады. Сол себептен ауызсуды уақытша кестемен беріп отырмыз. Соның өзінде тұрғындар судың сыздықтап ағатынын айтып, шағымдануда. Оған себеп– ауылдағы кей тұрғын үйлерде орналасқан су сорғысы. Қазіргі таңда біздің Миялы ауылына су жіберетін құбырдың ұзындығы 91 шақырым. Біз суды қосып, ол басынан соңына дейін жетіп болғанша су сорғысы бар тұрғындар ауызсуды сорып алады да, су соңғы жағына жетпей қалады. Бүгінде біздің алты ұңғыма мен барлық қондырғылар толықтай жұмыс жасап тұр. Бірақ, соның өзінде ауызсуды кестемен беруге мәжбүрміз. Осы орайда, тұрғындар аталмыш жағдайға түсіністік танытып, жаз мезгілінде су сорғысын пайдаланбаса екен деген тілек бар, – деді.

Содан кейін аудандағы бруцеллез ауруы жайлы хабарлама жасаған аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Серікбай Латиев:

– Бруцеллез ауруының жойылмай, кең етек алуы расымен де көкейтесті мәселе болып отыр. Бұл орайда, ветеринар мамандар малдарды жылына екі мәрте тексеріп, қанын алады. Биылғы жылдың алғашқы алты айының қорытындысы бойынша 18270 бас ірі қара малдан қан алынып, 363 бастан ауру белгілері анықталса, сол сияқты қан алынған 70645 бас қой-ешкінің 2473, 891 бас түйе малының 18 бруцеллез болып шыққан. Өткен жылмен салыстырғанда ауру белгілері анықталған ірі қара 363, қой-ешкі 694 басқа өссе, түйе малы 6 басқа кеміген. Бруцеллез ауруының жойылмай, кең етек алуына қоралардағы тазалық жұмыстарының кемшін болуы себеп. Сонымен қатар, сырттан, өзге аймақтан келген малдарды тексермей өз малына қосып алатын тұрғындар да бар. Бұл өз кезегінде ауруды өршітуі мүмкін. Сонымен қатар, тұрғындар арасында малынан қан алдыруға қарсы болу, ауру шыққан малды сойып алу оқиғалары да кездесіп тұрады. Бұл біріншіден қылмыс, екіншіден ауруды одан әрі ушықтыру болып табылады. Ауру малдан өтіп адамға да жұғады. Сол себептен, аудан тұрғындары аталмыш аурумен күресте ветеринар мамандары мен бірге жұмыла жұмыс жасаса, өздерін де, малдарын да аурудан аман сақтауға мүмкіндік бар, – деді. Содан соң аудандық ветеринариялық стансаның басшысы Жәнібек Кенжин мен ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті Қызылқоға аудандық аумақтық инспекциясының басшысы Шман Бердешов аталмыш аурумен күрес бағытында жасалып жатқан жұмыстарын баяндады. Сондай-ақ, жиын барысында аудан әкімі Арман Баженов барлық ветеринар мамандармен жеке-жеке сөйлесіп, аурудың алдын алу бағытында қандай іс-шаралар жасауға болатыны жайлы пікірлесті.

Хабарламалар аяқталған соң кезек тұрғындарға берілді. Онда сөз алған ауыл тұрғыны Нұрберген Есқожа ауызсу сапасына сын айтып, соның салдарынан ауданда ауру көбейіп жатқанын айтса, Төлеген Жұбауов Миялы ауылындағы тұщы құдықтардың тозығы жеткенін тілге тиек етіп, оларды қалпына келтіру мәселесін көтерді. Ал, Марат Айтқалиев «Ауру шыққан бруцеллез малын тұрғындар жеке зертханаларға тексерте ала ма?» деген сауал жолдады. Жиында сөз алған тұрғындардың айтар ой, ортақ пікірі – ауызсу сапасын жақсартып, халыққа үзіліссіз берілгені, бруцеллезге қарсы вакцина салынғаны, ет тапсырғанда берілетін өтемақыны көтергені дұрыс дегенге саяды.

Барлық ұсыныстар мен пікірлерді мұқият тыңдаған аудан әкімі Арман Баженов: – Бүгінгі жиында айтылған мәселелер менің назарымнан тыс қалған емес. Ең бірінші айтылғаны – ауызсу. Әрине, су – тіршілік көзі, өмір нәрі. Ауызсу мәселесі аудан бойынша Жангелдин, Миялы, Сағыз, Мұқыр ауылдық округтерінде өзекті болып отыр. Тұрғындардың жанайқайын түсінемін. Жаздың аптап ыстығында ауызсу тапшылығын көру кім-кімге де оңай емес. Алайда, судың да сұрауы бар екенін ұмытпайық. Ауызсу жетпей жатқан уақытта оны мақсатсыз пайдаланып, ысырап етпеу керек. Бұл мәселені шешуде біздің тарапамыздан да іс-шаралар жасалады. Жаңа айтылған құдықтарды қалпына келтіру, жазғы су құбырын тарту, қосымша ұңғымалар қазу, қажетті қондырғылар алу сияқты жұмыстарды жасау үшін тиісті мамандармен ақылдасып, жүзеге асырамыз. Барлығы кезең-кезеңімен өтетін болады. Сондай-ақ, аудандағы тағы бір өзекті мәселе – бруцеллез. Ауданымызда бұл аурудың өршіп тұрғанына да бірнеше жыл болды. Аурумен күресте әкімдік тарапынан да жүйелі жұмыстар жасалуда. Мал таситын жаңа көліктер алынды, қосымша штат бірлігі ашылып, мамандар жұмысқа орналасты. Басқа да қамқорлықтар жасалуда. Біздің тарапымыздан жасалатын жұмыстар жалғаса бермек. Осы орайда, тұрғындар да аурудың алдын алу жөнінде ветеринар мамандармен бірге жұмыс жасаса деген ұсынысым бар. Бұл екі жаққа да тиімді болмақ, – деп жиынды қорытындылады.

Дулат ҒҰБАЙДУЛЛИН.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521