Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Ауыл мәдениеті өнерімен келбетті

Еліміздің рухани дамуына сүбелі үлес қосатын мәдениет саласы екені белгілі. Осы орайда, өткен аптаның сәрсенбісі күні «Рухани қазына» тақырыбында аудандық мәдениет қызметкерлерінің форумы ұйымдастырылды. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында өткен форумның мақсаты – халықтық мәдениеттің танымалдығы мен аймақтың мәдениет мекемелерінің қазақстандық патриотизм мен ұлттық мәдениеттің біртұтастығын қалыптастыруда өзара тәжірибе алмасып, саяси-мәдени жұмыстардағы озат тәжірибелерді таныту.

Аталмыш шараға облыстық ғылыми әдістемелік халық шығармашылығы мен мәдени демалыс қызметтерін ұйымдастыру орталығының әдістемелік бөлім басшысы Әсила Жантілекова мен аталмыш орталықтың шығармашылық әдіскері Роза Ахатова, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ерболат Иғали, мәдениет саласының ардагерлері мен қызметкерлері қатысты.

Форум қонақтары алдымен «Туған өлке – тұнған шежіре» тақырыбы аясында аудандық тарихи өлкетану мұражайын аралады. Мұражайда аудан тарихы туралы мәліметтермен, ауданның дамуына үлес қосқан азаматтар туралы мағлұматтар жинақталған бұрыштармен танысып, жәдігерлерді тамашалады. Естелік альбомға құттықтау тілектерін жазып, қолтаңба қалдырды.

Одан әрі форум «Арман» мәдениет үйінде «Мәдени мұралар – баға жетпес құндылық» тақырыбында қолөнер шеберлерінің көрмесімен жалғасты. Қонақтарды мәдениет үйінің фойесінде жүн түтіп, ұршық иіріп отырған жангелдиндік «Асыл әжелер» ансамблі халық әндерімен қарсы алды. Көрмеге әр ауылдық округтердегі қолөнер шеберлерінің қолдарынан жасалған бұйымдары қойылды. Миялылық қолөнерші Айгүл Тұрашева, ойылдық Сәуле Инаева «Ұлттық дәстүр ұлағаты» атты шеберлік сағатын өткізіп, өз туындыларының жасалу жолдарын түсіндірді.

Форумның ашылу салтанатында сөз сөйлеген аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ерболат Иғали:

– Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған тапсырмаларды орындау бағытында ауданымызда атқарылатын маңызды істердің жоспары жасақталды. Туған жеріміздің өткені мен бүгінгі күнін саралап, ұлы тұлғаларымызды қастерлеп, өнегелі өмірлерін кейінгі ұрпаққа насихаттап, үлгі ету қолға алынды. Ұлттық салт-дәстүрлерімізді сақтау, яғни ұлттық кодымыз бен мәдениетіміздің құндылықтарын сақтау бағытындағы жұмыстар басталып кетті. Бүгінгі форумда үздік деп танылған жобалар облыстық форумда көрсетіліп, одан іріктелсе республикалық деңгейде өтетін форумға бару мүмкіндігіне ие болады, – деді.

Бұдан кейін форумға қатысушылар «Арман» мен Жангелдин мәдениет үйлері жанындағы Халық театры ұжымдары сахналаған «Тарихқа толы, мәдени өлке Қызылқоға» атты театрландырылған көріністі тамашалады. Көрермендер қазақ халқының Керей сұлтанды ақ киізге көтеріп хан тағына отырғызу рәсімінің куәсі болды. Хан тағына отырған Керей қазақ елінің бағын асырып, жаңа көтерілген орданың мейманасын тасытып, төрткүл дүниеге рухы мықты ел екенін паш етуге ант берді.

Салтанатты шараның «Ауыл мәдениеті – өнерімен келбетті» атты концерттік бағдарламасы жасқайраттық термеші Қуат Жаймағанбетовтің орындауындағы халық әні «Әдемімен» бастау алды. Концертте аудан өнерпаздары тек қана ұлт аспаптарының сүйемелдеуімен халық әндері мен термелерін орындап, күйлер тартты. А.Өміров атындағы балалар саз мектебі, қобызшылар, «Асыл әжелер» мен «Әсем қоңыр» домбырашылар ансамбльдерінің, «Ойыл аруы» бишілер тобының, Есен Құрмашев, Аманбек Таспанов, Берік Амантаев, Үсен Көбенғалиев, Еламан Ізмұқанов, Дәурен Жәкенов, Серікқали Балаубаев, Серік Құбашев және Бақтыбай Досбосыновтардың өнерлері көрермендерді тәнті етті. Концерт әнші Раушангүл Стомманың компазициялық көрініспен орындаған «Пай-пай, қазақтың келіндері-ай» әнімен аяқталды. Форумда сөз алған облыстық ғылыми әдістемелік халық шығармашылығы мен мәдени демалыс қызметтерін ұйымдастыру орталығының әдістемелік бөлім басшысы Әсила Жантілекованың айтуынша, бүгінгі мәдениет қызметкерлері форумы өз деңгейінде ұйымдастырылған. Қолөнер көрмесіне қатысқан барлық қолөнершілер өз туындыларымен облыстық форумға қатысады. Ал, концерттік бағдарламаны жетілдіру қажет.

Шара соңында аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ерболат Иғали форумға белсенді қатысқан Қоныстану балалар саз мектебі, А.Өміров атындағы балалар саз мектебі, Миялы өнер мектебі, Б.Аманшин атындағы орта мектебі және Ы.Шөреков атындағы мектеп-гимназиясының технология пәні мұғалімдері Айгүл Тұрашева мен Сандуғаш Мергенғалиева, «Шалқыма» мәдениет үйінің әдіскері Сәуле Инаеваға Алғыс хат табыс етті.

Бауыржан САҚТАСИНОВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521