Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

«Аудан дамудың даңғыл жолынан айнымады» облыс әкімі Қызылқоға ауданына осындай баға берді

Өткен аптаның бейсенбі-жұма күндері облыс әкімі Нұрлан Ноғаев ауданымызға жұмыс сапарымен келді. Басты мақсат – аудан әкімі Арман Баженовтың өткен жылы жасаған жұмысының есебін тыңдау, ауданның әлеуметтік-экономикалық ахуалымен танысу.

Жастар жылына жаңаша тарту

Облыс әкімінің ауданға жасаған жұмыс сапары бейсенбі күні түске дейін аудандық жастар ресурстық орталығының жұмысымен танысудан басталды. Айта кетейік, өткен жылдың аяғында жастар ресурстық орталығына екі қатарлы жаңа ғимарат беріліп, іші жастардың еркін отырып жұмыс жасауына ыңғайлы етіп жасақталған еді.

Орталық жұмысымен танысқан облыс әкімі Нұрлан Ноғаев алдымен жастардың шығармашылықпен айналысатын бөлмесіне бас сұқты. Ол жерде «Сағыз» құрамасының жетекшісі Ернар Сакупов жастарға жайдарман ойындары бағытында семинар-кеңес өткізіп жатқан болатын. Шығармашыл жастардың өнерін тамашалап, оларға табыс тілеген облыс әкімі әрі қарай жастар орталығындағы интерактивті тақтамен жабдықталған бөлмені, виртуальды ойын бөлмесін аралап, жастардың пікір алмасатын ортақ алаңында болды. Сол жерде жастарды не толғандыратынын, алдағы жоспарларын сұрап, өзі де қажетті кеңестер айтып, жастар орталығына берілген жаңа ғимаратты игілікке пайдалануға шақырды. Одан соң облыс басшысы аудан орталығында салынған қызметтік үйлерді аралап, ескі өкпе аурулар ауруханасы ғимаратын көрді. Аудан әкімі Арман Баженов аталмыш ғимаратты аудандық ішкі істер бөліміне беру үшін күрделі жөндеу жасау қажеттілігін атап өтті. Бұдан кейін жаңадан салынған Жангелдин ауылдық округі әкімі аппаратының ғимаратына атбасын бұрған облыс әкімі Нұрлан Ноғаев онда орналасқан Жангелдин ауылдық ардагерлер ұйымының, учаскелік полицияның жұмыс бөлмесімен танысып, жаңа ғимаратта халық үшін оң шешімдер қабылдануына тілектестік білдірді.

Аудан бойынша ең ескі ғимараттардың бірі – аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімі. 1962 жылы салынған бұл ғимарат қазіргі таңда апатты жағдайда тұр. Аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің жай-күйімен танысқан аймақ басшысы бөлімге жаңа ғимарат салу үшін жер мәселесін шешуді аудан басшысы Арман Баженовке тапсырды. Облыс әкімі одан әрі аудандық музейдің жұмысымен танысып, ішіндегі көне жәдігерлерді көзбен көрді.

Тұрғындарды қабылдады

Түстен кейін, облыс әкімі, «Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалының төрағасы Нұрлан Ноғаев аудандық «Нұр Отан» партиясы ғимаратының мәжіліс залында аудан халқын жеке мәселелері бойынша қабылдау өткізді. Қабылдауға бірінші болып келген су шаруашылығы саласының ардагері Хамидолла Әбдірахманов көктемде Ойыл өзені тасығанда өр суы алыс округтерге уақытында жетуі үшін Тасшағыл ауылындағы Арал мен Бәйтік көлдеріне канал қазу керектігін, ауданда жиі-жиі жанармай тапшы болуына байланысты Миялы ауылынан «Қазмұнайгаз» АҚ-ның жанармай бекетін салуға ықпал етуін сұрады. Бұл сұраққа жауап берген облыс әкімі: «Канал қазу мәселесін көшпелі мәжілісте кеңірек талқылаймыз. Жанармай бекетін ашу үшін инвесторлар тартуды қолға аламыз», – деді. Қабылдауға келген жангелдиндік Нұрхат Қуанов шаруа қожалығына 60 бас асылтұқымды сиыр әкелгенін, соған қосымша жер қажет екендігін айтты. Агрокешеннің дамуын қолдайтынын айтқан аймақ басшысы қосымша жер телімін беру мәселесін аудан әкімі Арман Баженовке тапсырды. Қабылдауға жазылған Рашид Иманғазиев Ойыл ауылдық округінде жаттықтырушы. Бірақ, оны аталмыш ауылда үйдің жоқтығы қинайды. Аудан әкімі Арман Баженов қазіргі таңда Жасқайрат ауылында қызметтік үйлердің құрылысы жүріп жатқанын, құрылыс біткен бойда үй берілетінін атап өтті. Бұдан кейін қабылдауға кірген белгілі меценат Сағызбек Тастеміров «Жаңадан салынған Сағыз орта мектебіне қоғам қайраткері Тобанияз Әлниязұлының атын беру мәселесіне ықпал етсеңіз игі», – деген халықтың тілегін жеткізді. Бұл ұсынысқа жауап берген облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев биылғы жылы елімізде халық санағы жүретіндіктен ешбір нысанның атауы өзгермейтіндігіне тоқталды. Қабылдауға келген миялылық Нұргүл Шамұратова өзінің жалғыз басты ана екендігін айта келіп, «Қазіргі уақытша тұрып жатқан үйімді от жағып жылытып отырмын. Сол себептен тұрғын үймен қамтамасыз етуге ықпал етсеңіз игі», – деген тілегін білдірді. Оған жауап берген облыс әкімі қазіргі таңда үй тек қана кезекке қою арқылы берілетінін түсіндірді.

Игілікті істер биыл да жалғасын таппақ

Ал, келесі күні «Арман» мәдениет үйінде аудан әкімі Арман Баженовтың өткен жылы жасалған жұмыстары мен алда тұрған міндеттері туралы есеп беру жиыны өтті. Оған облыс әкімі Нұрлан Ноғаев, облыстық басқарма басшылары, аудандық деңгейдегі басшылар, мәслихат депутаттары мен ардагерлер, аудан тұрғындары қатысты. Жиынды ашқан аудан әкімі Арман Баженов өткен жылы жасалған жұмыстарын баяндады. Аудан әкімінің баяндамасы газетіміздің №31 (71037) 17 қаңтар 2019 жылғы санында жарияланғандықтан қайталамауды жөн көрдік. Баяндама аяқталған соң жарыс-сөзге кезек беріліп, бір топ жиналысқа қатысушылар ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

Тұрғындар не дейді?

– Мен ауданымызға облыстық деңгейдегі басшылардың жиі келіп, халықпен кездесіп, мұң-мұқтажымызды біліп тұрса деген ұсыныс айтқым келеді. Сонымен қатар, халықты Ақтөбе облысына қатынайтын жолдың жайы алаңдатады. Осы жерден Ойыл ауданына дейін 70 шақырым қара жол. Сол қара жолдың ізімен қатқыл табанды жол салынса деген тілегім бар. Себебі, ауданымызда Ақтөбеге жиі қатынап, тауар таситын кәсіпкерлер мен сол жақта оқып жатқан студенттер жетерлік. Жол салынар болса алыс-беріс көбейіп, кәсіпкерлік одан әрі дамитын еді.

Байтас МУСИН,

еңбек ардагері.

– Аудан әкімі Арман Баженовтың бүгінгі жасаған бір жылдық есебін мақұлдаймын. Расымен де, соңғы жылдары ауданымыз адам танымастай болып өзгерді. Соның ішінде ең ірі ауылдық округ саналатын Сағыз ауылы да ерекше қарқынмен дамып келеді. Ауылымызда жаңа мектеп салынды, балабақша құрылысы да бітуге таяу. Басқа да игі істер жасалуда. Енді барша аудан халқы болып жасалып жатқан жұмыстарға өз үлесімізді қосып, өз ауламызды таза ұстауға, айналамызды көгалдандыруға жұмыла кіріскен жөн. Сондай-ақ, жастарды жат қылықтардан сақтау үшін қоғамда ақсақалдардың беделін арттыру, сол арқылы сананы ояту мәселесін қолға алған абзал.

Өтепберген ӘДІЛОВ,

Сағыз орта мектебінің директоры.

– Әр қазақтың ат байлар қазығы ауыл екені белгілі. Мен ауылда туып, қалада өскен жанмын. Алайда, соңғы жылдары туған жеріме аңсарым ауып, ауылға барып жұмыс жасасам деген арманым болатын. Сол арманым жүзеге асып ауылыма келіп, қожалық ашып, асылтұқымды мал өсіруді қолға алдым. Малды асылдандыру бағытында жұмыс жасап жатқандықтан көтеретін мәселем де мал шаруашалығы. Соңғы жылдары республикалық бюджеттен берілетін субсидия көлемі азайып кетті. Бұл мал тұқымын асылдандыруымен айналысып отырған шаруагерлерге қиын соғуда. Енді осы мәселеге облыс әкімдігі араласып, қолдау білдірсе деген ұсыныс айтамын.

Әнуар АМАНҒАЛИ,

«Аян» шаруа қожалығының төрағасы.

– Соңғы жылдары мал баққан шаруагерлерге мемлекет тарапынан жан-жақты жағдай жасалса да, шешілмей келе жатқан түйіндер де аз емес. Солардың бірі – қыстақтарға электр жарығын тарту. Жарықты өз қаражатымызбен тартайын деп «Атырау-Жарық» АҚ мекемесіне барсақ ұсынған қызметтері өте қымбат. Жұмысын жаңадан бастаған шаруагер былай тұрсын шаруасын дөңгелеткен ірі қожалықтардың өзінің қалтасы көтере бермейді. Осы мәселені, облыстық деңгейде көтеріп, шешіп берсеңіздер деген тілек айтқым келеді. Сондай-ақ, екінші мәселе – мал суаратын су көзі. Қазір жер-асты суы тереңге кетіп қалды. Су болмағандықтан малдан да күй кетті. Құдық қазайық десек қай жерде су көзі барын тағы білмейміз. Сондықтан, ауданымыздағы жерасты су көздеріне зерттеу жасап, геодезиялық картасы жасалса деген ұсыныс бар.

Мұрат САРМАНОВ,

«Нұрлы Дала» агрофирмасының директоры.

– Миялы ауылында ПМК деген ықшам аудан бар. Ол жерде жүзден аса тұрғын үй бар. Бір қызығы аудан орталығында орналасқан осы тұрғын үйлерге жарық беріп тұрған электр бағандары мен сымдары «Атырау-Жарық» АҚ-ның теңгерімінде жоқ. Сол себептен күрделі жөндеу жұмыстары да жүрмейді. Сонда біреу тоққа түсіп немесе басқа да оқыс жағдай болса жауапты кімнен сұраймыз? Бір жауапты мекеме болуы керек қой. Сондықтан, осы ықшам ауданның электр энергиясын таратып тұрған барлық бағаналар мен басқа да құрылғыларын «Атырау-Жарық» АҚ-ның теңгеріміне алуға ықпал етулеріңізді сұраймын.

Табылды ҚҰМАРҒАЛИЕВ,

зейнеткер.

Аудан әкімінің есебі мен жиында айтылған ұсыныс-пікірлерді мұқият тыңдаған облыс әкімі Нұрлан Ноғаев:

–  Шалғайда жатса да дамудың даңғыл жолынан айнымаған Қызылқоға ауданы сәт сайын көркейіп, өсіп келеді. Газы мен суы келді, жолы салынып жатыр. Ауданда ауыл шаруашылығы саласы жақсы дамып келеді. Бірақ, бұған тоқмейілсіп қалуға болмайды. Қазіргі таңда Миялы-Қарабау-Индер тас жолының құрылысы жүріп жатыр. Қарабауға 25 шақырым қалды. Осы 25 шақырым біткеннен кейін 90 шақырым болатын Қарабау-Индер тас жолының құрылысы басталады. Бүгінде ол жұмыстардың жобалық-сметалық құжаттары жасақталуда. Енді тұрғындардың қойған сауалы мен ұсыныстарына жауап берейін. Байтас ағаның ұсынысы бойынша ауданға облыстық деңгейдегі басшыларды шақыртуды ұйымдастыруға болады. Ал, Ақтөбе облысының Ойыл ауданына дейін жол салу жоспарда жоқ.

Ең бірінші Индерге дейінгі жолды бітіріп алуымыз керек. Өтепберген Әділовтың пікірі дұрыс. Жастар тәрбиесіне көңіл бөлуді алысқа бармай-ақ, ауыл ақсақалдарымен шешуге болады. Аграрлық саланы дамыту бағытында ұсыныс айтқан Әнуар Аманғали мен Мұрат Сармановтың ойлары құптарлық. Аграрлық саланы дамыту үшін «Атырау-Жарық» АҚ болсын, басқа болсын қолдау көрсету керек. Мен бұл мәселені шешу үшін өзімнің орынбасарым Нұрлан Бақтыбайұлына тапсырамын. Ауыл тұрғыны Табылды Құмарғалиевтың да ұсынысын сол кісі «Атырау-Жарық» АҚ мекемесіне жеткізетін болады. Ал, ауданның геодезиялық картасын жасау мәселесін аудан әкімі Арман Баженовпен бірге талқылайтын боламыз.

Екінші мәселе «Сағыз-Петролеум» ЖШС жұмысына қатысты. Бұл компания өткен жылы біздің қойған талабымызды орындамай, ауыр жүк көліктерімен мұнай тасып, жолды бүлдіруін қояр емес. Біз мұны жергілікті биліктің айтқанымен санасқысы келмейді деп қабылдаймыз. Бұлай болмайды. Мұнайды ауыр жүк көліктерімен тасығанша құбыр тарту керек. Болмаса салмағы жеңіл көліктермен тасысын. Ертең Атырау-Ақтөбе тас жолы салынады. Сол кезде ауыр жүк көліктері жүрмеуі тиіс. Осы жиында компания директоры мен үкіметпен байланыс жөніндегі өкілі Бердіхан Кемешов отыр. Айтылған сын-ескертпелерді ескеріп, қорытынды шығарады деп сенеміз. Қорыта айтқанда бүгінгі есеп беру баяндамасынан ауданда жасалған жұмыстар аз емес екенін көрдік. Енді осы қарқыннан таймай игілікті істерді биыл да жалғастыра берулеріңе тілектеспін, – деді.

Дулат МӘТЖАН,

суреттерді түсірген автор.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521