Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Ғасырдың қауіпті дерті

Қант диабеті (Саусамыр) – қазіргі таңда дүние жүзі бойынша жыл сайын миллионнан аса адам көз жұматын және де ол ауруға кез келген адам ұшырауы мүмкін аса қауіпті ғасыр дерті болып отыр.

Әлем ғалымдарының есептеуі бойынша осы қант диабетінің салдарынан Жүре пайда болған иммундық дефицитiнiң синдромы (ЖИТС) мен қатерлі ісіктермен ауырғандарды қоса есептегеннен де көп адамдар өмірімен қоштасады. Әр 15 жыл сайын осы дертке ұшырағандар саны 2 есеге ұлғайып, ал «предиа-бет» диагнозы жер бетіндегі әрбір екінші адамға қойылуы мүмкін. Бүгінде Әлемдік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша әлемде қант диабетіне – 422 миллион адам ұшыраған. Бұл осындан 40 жыл бұрынғы саннан төрт есеге көп екен. Қазақстан Республикасында Ұлттық қант диабеті регистрінің мәліметінше, жыл басында еліміз бойынша қант диабеті деген диагнозбен есепте тұрғандар саны 309 мыңға жетіп жығылса, оның 18 мыңы бірінші типтегі диабетпен, 291 мыңы екінші типпен ауырады. Екінші типтегі диабетке шалдыққандардың 65 пайызы – әйелдер. Сусамырға шалдыққан отандастарымыздың 6 мыңға жуығы катарактадан зардап шексе, 3 мыңы инфаркт алған. Бір мың адамның аяғы немесе қолы кесілген. Қазақстанда қант диабеті тегін емделеді. Кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті шеңберінде диабетке шалдыққан пациенттерге 48 түрлі дәрі мен медицина бұйымдары беріледі. Оның ішінде шприц, тест-жолақша, глюкометр, инсулин помпалары мен 22 түрлі инсулин де бар. Осы орайда, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Атырау облысы бойынша филиалы Атырау облысының бас шаттан тыс эндокринологы, Атырау облыстық № 2-ші ауруханасының эндикринолог – дәрігері, эндикринология бойынша Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің тәуелсіз сарапшысы, ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі, Ұлттық медицина Ассоциациясы «Алтын дәрігер» белгісінің иегері Анна Чичибабинамен сұхбаттасқанды жөн санадық.

– Анна Василийқызы, қант диабетінің дамуына ықпал ететін себептер мен факторлар туралы айтыңызшы?

– Қант диабеті – бұл эндокриндік ауру, ұйқы безі бөлетін гормон – инсуллиннің мүлдем бөлінбей қалуынан не болмаса жеткіліксіз түрде бөлінуінен қандағы қант деңгейінің көтерілуі. Сусамыр дерті организмдегі барлық зат алмасу үдерістерінің бұзылуына әкеледі, қан тамырларын, жүйке жүйесін және ағза мүшелерін зақымдайды. Бұл дерттің нақты пайда болу себептері белгісіз болып қалып отыр. Диабет біздің ағзамыз қандағы секердің (глюкоза) деңгейін реттей алмайтын кезде пайда болады. Қант диабетінің дамуына ықпал ететін факторлар: тұқымқуалаушы биімділік, қалыпты салмақты арттыру (семіру), артық май құрамы бар тағамдарды көп пайдалану, жиі жүйкелік стресстер, инфекциялық аурулар, жүрек-қан тамырлары аурулары.

–Атырау облысындағы Қант диабеті дертімен ауыратындар статистикасына тоқталсаңыз.

–Нақты статистикалық есепке жүгінсек биылғы жылдың соңғы 9 айы ішінде Атырау қаласы мен облысы бойынша қант диабетімен барлығы – 8619 адам тіркеуде тұр. Атырау қаласында – 5504 адам тіркеуде. Осы дерттің салдарынан биылдың өзінде көз жұмғандар саны – 175 адам. Тіркеуде тұрғандар ішінде сәбилер саны – 75, жасөспірімдер саны – 19. Инсулин қажет етуші типтегілер саны – 1659 адам. Қазіргі таңдағы нақты деректер осындай.

– Қант диабетінің неше түрі бар және бұл дерттің алдын алу жолдары қандай?

–Диабет инсулиннің асқазан асты безінен жеткілікті мөлшерде бөлінбеуі салдарынан басталады. Бұл дерт негізгі екі түрге бөлінеді. Инсулинге тәуелді диабет (қант диабеті бірінші түрі) негізінен балалар мен жас адамдарда дамиды. Инсулинге тәуелді емес диабет (қант диабеті екінші түрі) әдетте 40-тан асқан, артық салмағы бар адамдарда дамиды. Бұл аса таралған аурудың түрі (80-85 пайыз жағдайда кездеседі). Бірінші түрдегі қант дибетінде, ұйқы безі жұмысының бұзылуына байланысты инсулиннің абсолюттік жетімсіздінен болады. Екінші түрдегі қант диабетінде инсулиннің қатысты жетімсіздігі байқалады. Ұйқы безінің тіндері бұл кезде инсулинді (кейде тіпті артық мөлшерде) жеткілікті бөледі. Диабет белгілерін байқаған жағдайда эндокринолог-дәрігерге қаралу қажет. Ең алдымен қандағы қант мөлшерін анықтау үшін анализ тапсырасыз (қанды аш қарынға тапсырады). Диабетті үнемі диетаның, жаттығулар мен дәрі-дәрмектер көмегімен емдеуге, сол арқылы оның асқынуына жол бермеуге болады. Диабетпен өмір сүруге болады. Бірақ, ол тәртіп пен өзін-өзі бақылауды талап етеді. Барлықтарыңызға зор денсаулық тілеймін.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Атырау облысы бойынша филиалы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521