Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Ардагер ұстаздар ардақталды

Х.Досмұхамедұлы атындағы орта мектепте қарттар күні мерекесіне орай «Қарттарым – асыл қазынам» атты кеш ұйымдастырылды.

Оқушылардың салған суреттерінен, ата-әжелеріне жазған ашық хаттарынан, фотосуреттерден стенділер жасақталып, көрнекі жерлерге орналастырылды.

Оқушы бойына халқымыздың асыл қасиеттерін сіңіру, үлкенді сыйлау, аталы сөзден ғибрат алуға тәрбиелеу мақсатында өткен шараға аталмыш мектептің зейнеткер ұстаздары Жеміс Әлжанова, Мәншүк Қарғабаева, Майра Баес, Гүлнәр Құрманғазиевалар шақырылды.

Кеш қонақтарына құттықтау тілегін білдірген мектеп директорының міндетін уақытша атқарушы Гүлфайруз Әнжанова:

– Бүгінгі қарттар күні мерекесі халықаралық деңгейде аталып өтуде. Сондықтан, біз де бүгінгі шараға осы мектепте ұзақ жыл еңбек етіп, балаларды білім нәрімен сусындатқан зейнеткер ұстаздарды шақырдық. Кезінде ақын, қаржыгер, мұнайшы, спортшы және басқа да мамандық иелерін оқытқан кешегі ұстаз, бүгінгі зейнеткерлердің әлі де айтар ақыл-кеңесі, оралымды ойлары бар. Ендеше, ардагер ұстаздарымызды ұжым атынан мерекелерімен құттықтай отырып, олардың ұлағатты әңгімелерін зейін қоя тыңдайық, – деді.

Бұдан кейін мектеп оқушылары Арсен Қабидолла, Нұрлан Нұралиев, Гүлім Нысанбаева, Терекбай Ерболатұлы, Айсезім Қаламғали, Дина Ардаққызы, Қарақат Амандыққызы, Амангүл Ерсайын, Анель Темірова, Кәусар Төлеп және «Жігер» домбырашылар ансамблі шарықтата ән салып, күмбірлете күй тартып, биден шашу шашса, «Мен атам мен әжемнің жалғасымын» атты кештің екінші бөлімінде шәкірттер ата-әжелері туралы тақпақтарын кеш қонақтарына ұсынды. Шара барысында сөз алған ардагер ұстаздар ұстаздық қызметтің қызығы мен қиындығы туралы, ұрпақ тәрбиесі жайлы әңгіме өрбітті. Маңыздылығы жоғары кешті ұйымдастырғаны үшін мектеп ұжымына алғыстарын айтып, оқушыларға сабақтарын жақсы оқуға тілектестіктерін білдірді. Жиын соңында қонақтарға құттықтау хат пен гүл шоқтары табысталып, естелік суретке түсті.

Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521