Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Қарабауға мәдениет үйі қашан салынады?

Өткен аптаның жұмасы күні Қызылқоға ауылдық округі әкімі аппаратының акт залында ақпараттық топ мүшелері аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Серікбай Латиев, «Қызылқоға» газетінің бас редакторы Бауыржан Сисенов, Қызылқоға ауылдық округінің әкімі Қанат Қайруллиндер ауыл тұрғындарына Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты биылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауының басым міндеттерін түсіндірді.

Жолдауды талқылау барысында, Қызылқоға ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Тауманов пен Қарабау орта мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Күнарай Мамашева Жолдауда айтылған басым бағыттарды қолдайтындықтарын білдірсе, еңбек ардагері Қойшыбай Дәулетов «Осы күні жағдайы төмен ардагерлер бар. Соларға көмек ретінде арзан бағада азық-түлік сататын дүкендер ашылса игі. Осыны жергілікті басшылар қолға алып, кәсіпкерлерді осы бір игі іске жұмылдыра білсе нұр үстіне нұр болар еді. Сондай-ақ, ескі мәдениет үйін дереу бұзу керек. Немесе жан-жағын қоршаған дұрыс. Әйтпесе, бір күні еш алаңсыз жүрген балалардың үстіне түсіп кетсе кім жауап береді?» деген тілегін жеткізді.

Ал, аталмыш округ тұрғыны Дастан Саркенжиев: «Елбасымыз еліміздің барлық өңірі «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасына көшу керектігін айтты. Әйтсе де, оған біздің ауыл дайын емес. Себебі, интернеттің жылдамдығы нашар. Бұл әсіресе, электронды күнделік толтыратын мектеп мұғалімдеріне қиын. Кейбір үйлерде телефон нүктесіне тапсырыс берілгенімен әлі де өтініштері қанағаттандырылмай отыр. Сондықтан, ауылымыздағы интернеттің жылдамдығын арттыру үшін талшықты оптикалық байланыс жүйесін іске қосуды қолға алғаны дұрыс деп есептеймін. Сонымен қатар, ауылымызға мәдениет үйін салу мәселесі де айта-айта жауыр болған әңгіме. Бұл мәселенің шешілмей келе жатқанына да біраз уақыт болды. Осы олқылықтың орнын толтыруға жұмыстанса, жастарымыз бос уақытын текке өткізбеген болар еді», - деді. Ақпараттық топ мүшелері ауыл тұрғындарының ұсыныс-пікірлерін тиісті органдарға жеткізетіндігін айтты.

Өз тілшіміз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521