Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

«Алтын алқа» иегері: Ана атанып, ұрпақ тәрбиелеу міндетім

Көп балалы отбасы – береке-бірліктің ұясы. Міне, осындай отбасының бірі – қаракөлдік Айсағали Молдағали мен Айнаш Сүлейменнің жанұясы. Отбасында жеті баланы өмірге әкеліп, өсірген Айнаш Сүлеймен 2015 жылы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен «Алтын алқа» белгісін иеленді.

Қызылқоға ауданынан Миялыға дейін 90 шақырым қашықтықта орналасқан Жамбыл ауылдық округінде тұратын Айсағали мен Айнаш 1969 жылы дүниеге келіп, бір мектепте оқыды, ұстаздардан бірге дәріс алды. Бүгінгі күні Айсағали Жамбыл ауылдық округінде мал дәрігері болып еңбек етсе, Айнаш – Қаракөл ауылдық кітапханасының меңгерушісі.

1998 жылы дүниеге келген Дастан есімді ұлы С.Мұқашев атындағы Атырау политехникалық колледжін бітіріп, Атырау мұнай және газ университетінде сырттай оқып жүрсе, 1999 жылы өмірге келген Фаризасы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ІІ курс студенті. 2001 жылы дүниеге келіп Қаракөл орта мектебінің 11 сыныбында оқып жатқан Мейірман есімді ұлдары спортқа әуес. Әсіресе, волейбол, баскетбол ойнағанды ұнатады. Ал 10 сыныпта оқып жүрген 2003 жылғы Нұрғисасы техникаға құмар. Қашанда темір-терсектің арасында қара май болып жүргені. 2014 жылы туған Нұрсипат – 9 сыныптың, ал 12 жастағы Малика – 5 сыныптың оқушысы. 2014 жылы отбасында дүниеге тағы да қыз бала дүниеге келді. Айзере есімін иеленген ол ауылдағы «Жауқазын» балабақшасының тәрбиеленушісі. Бүгінгі күні ата-әжесінің ерке қызына айналған Айзере балабақшадан үйренген тақпақтарын, өлеңдерін айтып өнерлі болуға талпынады.

– Бала біздің бақытымыз, болашағымыз. Оларды өмірге әкелдік деп ешкімге міндетсінбеуіміз керек. «Бір қозы туса, бір түр жусан артық шығады» дегендей, Жаратқан беретін әр баланың өзінің несібесі бар. Сондықтан, бала санын көбейттім деп мемлекеттен ештеңе сұрап көргенім жоқ. Заңға сәйкес беретіндерін алып отырмыз. Ортамызда әулеттің алтын діңгегі болып балаларымның ата-әжесі отыр. Негізінен немерелерінің тәрбиесімен ата-әжесі айналысады. Олардың тәрбиесімен өскен балаларымның әрқайсысы елдің өркендеуіне өз үлесін қосатынына сенімдімін. Ана атанып, ұрпақ тәрбиелеу менің міндетім болса да, мемлекет тарапынан «Алтын алқа» тағынып, құрметке бөленіп отырғаныма ризамын. Шүкір, күйеуім екеуміз де жұмыстамыз. Табысымыз да жаман емес. Бұрынғыдай емес қазір ауылда өмір сүру жеңілдеді. Газ, су үйге келіп тұр. Жол қатынасы да жақсарды. Тек балаларға дұрыс тәрбие беру біздің міндетіміз. Ең бастысы заманымыз тыныш болсын, – дейді «Алтын алқа» иегері Айнаш Сүлеймен.

Биыл елу жасқа толатын Айсағали мен Айнаш шынында да бақытты отбасылардың бірі. Өмірге үш ұл, төрт қызды әкеліп, оларға жақсы тәрбие беріп отырған жанұяның болашағы жарқын болуға тілекшіміз.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521