060500 Қызылқоға ауд Миялы а Қ Сәтбаев 1 +7 (71238) 21738 mialy44@mail.ru

Ақынның туған жері – Ащысай алабы

Қазақтың арғы, бергі ақындары арасында өзіндік ерекшелігімен, поэтикалық қуатымен, жыр жауһарларының өміршеңдігімен дара тұрғандардың сапында, сөз жоқ, Мұрат Мөңкеұлы аталады.

Өзі де: ...Мен белгілі жүйрігің, Айтсам сөзді асырған. Байұлы басын қосқанда, Атағым жұртқа шашылған...-

деп толғағандай, Мұрат аяғы жеткен жердегі айтысқан қарсыластарының бәрін бет қаратпай жеңген, елдің арын арлап, жоғын жоқтап, мұңын айтып ұзақ толғаулар шығарған, термелермен түйдек-түйдек ой айтқан, замана үнін жеткізген нағыз жүйріктің, хас шебердің өзі.

Аса дарынды тұлға Мұрат Мөңкеұлы Атыраудың теріскей бетіндегі Тайсойған өңірінің төл тумасы. Ол бұған дейінгі кітаптарында, энциклопедияларда Қарабау ауылында 1843 жылы Мөңкенің отбасында дүниеге келген делініп келді. Шын мәнінде солай ма? Иә, Мұраттың кіндік қаны тамған жер Қызылқоға ауданының Қарабау ауылдық округіне қарайтыны рас. Бірақ дәл Қарабау ауылының өзінде емес. Одан едәуір қашықтау алапта.

Үстіміздегі жылдың, яғни, 2018 жылдың сәуір айының аяқ шенінде құрамында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, шежіреші Сайпеден Сидағалиев, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Атырау облыстық филиалының төрағасы, ҚР Мәдениет қайраткері Әбілхан Төлеуішев, «Қазақстан-Атырау» телеарнасының операторы Фархад Тәжібаев және мен (Төлеген Жаңабайұлы) бар Қызылқоға аумағындағы аяқ жеткен жерді төрт күн бойы түгелге жуық араладық. Мақсатымыз – Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласына орай «Құт дарыған Қызылқоға қойнауы» деген тақырыптағы көп сериялы тарихи-танымдық деректі фильм түсіру. Сапарымыздың төртінші күнінде Қарабау ауылының құбыла бетіндегі Ащысай алабына ат басын тіредік. Айналасы көкорай, малға жайлы өңір. Бұл арада бұдан ширек ғасырдан астам бұрын ұстаз-бригадирлер Алпамыс Орынбасаров пен Самиғолла Қауашев жетекшілік еткен қой өсіруші «Жауқазын» комсомол-жастар бригадасы мал жайлаған. Қарамақтарында үш отар қой болған. Қоғамдық малды шығынсыз өсіріп, өз төлі есебінен көбейтіп, жоғары нәтижелерге қол жеткізген ұжым. Қазір бригада да, кеңшар да тарап, оның тек жұрты ғана жатыр. Одан бұрын – жиырмасыншы ғасырдың отызыншы жылдарына дейін бұл Ащысай көлінің жиегінде атақты Қарабала мешіті болған. Кең ауқымды орын. Ұзындығы едәуір жерді алып жатыр. Ені де жиырма шақты қадамға жуық. Үлкен мешіт екені байқалады. Қасында – Қарабаланың бейіті. Бас жағындағы белгі таста «Руы Қаратоқай Беріш Боранғұл аталағы Есенұлы Қарабала 1850 – 1932 ж. Тас қойған немересі Сүлеймен» деп жазылған. Оның аяқ жағындағы бейіттегі «Руы Беріш Қаратоқай Аққұлы Шалқарбайұлы Күсен 1854 – 1924» деген жазу да айқын көзге түседі. Бізбен бірге жол бастап жүрген жасы сексеннен асқан, ұзақ жылдар бойы Қаракөл орта мектебінде директор болған, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қызметкер Тұрсын Сисенғалиев, осы өңірде әкім болған Шапиғолла Қонысбаевтардың айтуларына қарағанда, мешіттің иесі қуғын-сүргіннің құрығына түскен ескіше аса сауатты, мешіт салып, бала оқытқан адам көрінеді. Қазіргі қазақ мұнай өндірісінің ақсақалдарының бірі, мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері Ұзақбай Сүлейменұлы Қарабалиннің атасы. Осы мешіттен таяқ тастам жердегі тағы бір белгі өзіне мен мұндалап шақырды. Барып ондағы жазуларды оқып қарағанымызда өз көзімізге өзіміз сенбей қуандық. Ақын Мұрат Мөңкеұлына арналып қойылған белгі. Өкініштісі, оны жел-құз мүжіп, кезінде кеңінен ойластырылып қойылған ескерткіш белгі әуелгі кейпінен айрылған. Арка тектес иінді биік белгіге арғымақтың, домбыраның суреттері салынған. Мәрмәр тасқа Қаратоқай Беріштің, соның ішінде Мұрат ақынға табиғи жиен, ақын Қабижан Сағиевтің:

Осы жерде серпіп жырдың түндігін,

Ақын Мұрат кескен екен кіндігін.

Шіркін, енді арман бар ма аунасақ, Ұлы ақынның тауып туған күлдігін,- деген бір шумақ өлеңі қашалып жазылған. Сондай-ақ онда «Мұрат Мөңкеұлы 1843 жылы осы өңірде дүниеге келді» деген тағы бір жазу бар. Қазірде көңілге қаяу түсіретін жайт сол жазулар мен мәрмәр тастың бүлініп, бір бөлегінің жерде шашылып жатқандығы. Ақпа ақынның туғанына 175 жыл толуына орай бұл кемістік түзетілер деген үмітте аттандық. Кері қайтарда артымыздағы көкпеңбек болып жатқан жалпақ алапқа қайтара көз тастадық. Осы жерде оның жүрегінен талай асау жырлар туындады-ау деп тебірендік. Ойымыздың төркінін ұққандай Тұрсын Сисенғалиұлы:

-Осы жерден күнгей бетке, батыс тұсқа қарай байтақ алқап Қаратоқай Беріштің ата-қонысы. Мұрат ақынның табан іздері қалған аймақ. Біздің Есентемір ауылдарымен іргелес, көрші, аралас-құралас тұрған. Қасиетті мекендер,- деді.

Ащысай алабы мен Қарабау ауылының арасы 20 шақырым. Ортада 11-інші шақырымда он екі ата Байұлының аға биі, айтулы Есентемір Бөкен бидің кесенесі. Қыр басында ағарып алыстан көзге ілігеді. Халықтың көбірек келетін киелі орны. Күнгейде қыр үстінде әкелі-балалы Асау би Маңдайлыұлы мен әрі би, әрі шешен, әрі батыр Тұрлан Асауұлының бейіттері тұр. Қатпар-қатпар қырларымен, дөңкиген-дөңкиген дөңдерімен баршаға мәлім, бағзы заманнан кешегі кеңестік кезеңнің басқы тұсына дейін аң, құсы жыртылып айырылатын сулы, нулы өңірдің, бүгінде елсіз құла дүзге айналған Сарыкөл алқабының ішке бүгіп жатқан тылсым сырлары мен қалтарыс құпиялары, тарихи жәдігерлері мен аңыз-әпсаналары жетіп артылады. Солардың куәларындай болып қыр бастарында сол дәуірдегі төрт құлақты молалар мен күмбезді кесенелер аяқ басқан сайын кезігеді. Әрбірі әр оқиғаны, сол замандағы ел-жұрттың тынысы-тіршілігін, қуанышы мен күрсінісін еске оралтады. Қарабаудың шығысында құмды алқаппен астасып өткен ғасырларда Көкжардан кейінгі ағыл-тегіл сауда-саттығымен әйгілі Қызылқоға жәрмеңкесінің ізі жатыр. Әрі қарай құмға ендете кірсең алдыңнан Сұлтануәйіс әулиенің жамбасы жерге тиген қасиетті орын шығады. Әрменірек жүрсең Халелдің ставкасы, тағы ілгері жүрсең мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым, профессор Халел Досмұхамедовтің ата-бабасының, ақын Ығылман Шөрекұлының бақидағы мәңгілік мекені – қастерлі Сорқуыс қауымы, Ойыл өзенінің төменгі сағасындағы құм ішінде ХІV-ХV ғасырларда өмір сүрген ақын, жырау, би, жиһанкез Асан қайғы Сәбитұлы салдырып, он жыл қыстаған Қорғанша қалашығы және тағы басқа тарихи-мәдени орындар бар. Осылардың барлығы жиналып келіп туристік кешен құрауға сұранып тұрғандай. Ащысай алабы сол ойдың ұшығынан ұстатты.

Мұрат Ащысай алабында ес білген шағында Матай деген ақын ағасынан тәлім алып, өлең-жырға жақын болып ер жетеді. Бастапқыда жолаушыларға, ағайынға, жеңгелеріне өлеңмен жауап қатып жүреді де 17 жасында Ысықтың айтулы ақыны Жылқышымен айтысуға тәуекел етіп, алқалы топқа түседі. Ащысайдың тағы бір атақтысы, рулас ағасы Есет би Қараұлынан ақыл-кеңес алған Мұрат айтыс үстінде тек Беріш руының ғана емес, бүкіл Байұлының ардақтыларын, батырларын айтып, тарихты жіліктеп, жеме-жемге келгенде Жылқышының ауызын аштырмай тастайды. Бала Оразбен, Жантолымен, Тыныштықпен, Жаскелеңмен, Ізім шайырмен айтыстары да тапқырлықтың тамаша үлгілері. Көбіне Мұрат қарсылас ақынын өз сөзімен өзін екпіндете соғып алады да тұқыртып тастайды, ұтқыр жауап қайыра отырып, осал тұсын дөп басып, тауын қайырады. Әдіс-айласы мол, өткен-кеткенді саралауға ұста, білігі шалқар. Өзінің Бала Оразбен айтысында:

Ағаны жеңіл көргенім,

Жүйріктігіме сенгенім.

Шеркештегі Бәленей,

Ысықтағы Жылқышы

Тап өзіңдей тақтақты

Талай да болып жеңгенмін... деуіне және ауызша, сондай-ақ, зерттеуші ғалымдар, академик Қажым Жұмалиев, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, мұраттанушы профессор Бауыржан Омарұлы арқылы жеткен деректерге қарағанда Мұраттың сөз таластырған ақындарының қатарында белгілі ділмарлар Бәленей де, Қалнияз да, Шолпан да болған. Өкінішке орай, олар бізге жетпей, айтылғандары айтылған жерлерде қалып қойғанға ұқсайды.

Ащысайдың түлегі Мұрат Мөңкеұлының шығармалары ішінде арнау өлеңдер қатары бәрінен едәуір басымырақ. Әсіресе, Қарақожаға, Айжарыққа, Далабайға, Есенғалиға, Дәулетүмбетке және басқаларға арнаулардың артында батпан салмақ жатыр. Ақын әлеуметтік теңсіздікке, жөнсіздікке шыдамаған, ымырасыздық көрсеткен, көмейге келгенін ащы өлең жолдарымен айтып салған. Болыстық үшін таласып, елге іріткі салғандарды, көпке кесірі тиген әкім-қараларды әшкере еткен. Елге ардақты суырып салма ақын тек Ащысай алабында, Тайсойған-Бүйрек атыраптарында ғана емес, туған жерден тысқары аймақтарды да ұдайы аралап, талай тойды бастаған, талай келіннің бетін ашқан. Содан бізге жеткені бірен-саран ғана – осы Ащысай алабында Есет бидің баласы Аман мен Тайсойған құмында Алдар бидің немересі Сыйқыт мырзалардың қыз ұзату тойларын бастаулары. Екіншісі де Ащысайдан онша алыс емес, ат шаптырым өңір. Қолдағы бар мәтіндеріне қарағанда, олардың өздері де бүгінге толықтай жетпей отырған тәрізді.

Ақынның мәңгі өлмес мұраға айналған құнды шығармалары да аз емес. Әсіресе, «Үш қиян», «Сарыарқа» толғауларының шоқтығы биік. Бұл екеуін әдебиет зерттеуші ғалымдар дастандар ілегіне де қосып жүр. Шындығында, көтеріп тұрған жүгіне қарағанда шағын дастандар деуге сыяды.

Еділдің бойы – қанды қиян,

Жайықтың бойы – шаңды қиян,

Маңқыстаудың бойы – майлы қиян,

Адыра қалғыр, үш қиян!

Үш қиянның ара бойынан

Жеті жұрт көшіп жол салған,- деп «Үш қиянында» көрегендік болжам жасап алады да, ата-бабалар жүріп өткен жолдарды, ерлік иелерін, жерді жырлап, тарихтайды. «Сарыарқада» осы пайымдауларын одан әрі дамытып, кеңіте түседі. Туған жерге деген сағыныштар атойлап тұрған туындылар. Бірақ, екеуінің жырлау мәнері екі бөлек. «Үш қиянда»:

Еділді тартып алғаны–

Етекке қолды салғаны.

Жайықты тартып алғаны –

Жағаға қолды салғаны.

Ойылды тартып алғаны –

Ойындағысы болғаны...- деген екпінмен қазақтың бодандыққа түсуін ащынып, таусыла айтса, баршаны азып-тозудан сақтандырған, келешекке көз тастаған түйдек-түйдек ойлар ақтарса, «Сарыарқада» салмақтана түседі, ел-жұртты сағынышпен еске алады, өткенге барлау жасайды. Жалпы, Мұрат өзінің кіндік қаны тамған Тайсойған, Ащысай өңірлерімен қатар тағдыр айдауымен Орал, Маңғыстау аймақтарында, шеткеріректе көп жүрген азамат. Орынбор, Ақтөбе атыраптарында да табан іздері қалған. Сондықтан да болар, оның өлең-толғауларында сәлем жолдау жиірек кездеседі, шығармаларының бір бөлегі хат үлгісінде шығарылған, сағынышқа толы болып келеді. Ішінде рулық тәртіпті дәріптеп, төңірегіндегілерді мақтауға құрылғандары да табылады. Оларын сөгуге болмайды, сол уақыттың сұранысы деп түсінген орынды.

Кеңестік дәуірде Мұрат зар заман ақыны деп бағаланып, ұзақ жылдар бойы өлең-жырлары халықтан қағаста ұсталды. Мектептегі әдебиет оқулықтарынан да алынып тасталды. Шын мәнінде, «Қалмақтың қарғысы», «Шалгез», «Қазтуған», «Қарасай-Қази» елдің мұңын, замана зарын ортаға салған, мадақтаған, бұзылған салт-сананы, дәстүрді мінеген шынайы халықтық жырлар еді. Өкінішке орай, оған құлақ асқан ешкім болмады. Енді, міне, тәуелсіздік алғаннан кейін Мұрат мұраларының бағы жанды, барша ауыздан тастамай айтып жүретін шежіре шығармаларға айналды.

Қазақтың ақпа ақыны Мұрат Мөңкеұлы 1906 жылғы көктемде Атырау облысының қазіргі Индер ауданынындағы Өрлік ауылында жүргенде аяқ астынан науқастанып, қайтыс болып кетеді. Өзінің аманатына орай, мүрдесін су тасып жатқан кезде үлкен қиындықпен Жайық өзенінен қайықпен өткізіп, Жарсуат ауылына жақын қауымға жеткізіп, тірліктегі сыйласы, о дүниеде бір қауымда іргелес жатуға серттескен Шолақ би жерленген жерге әкеліп қояды. Қазір басына кесене тұрғызылды. Халық тәу ететін қасиетті орын саналады. Ол ара туған жері Ащысайдан қашық емес. Аттың аяңымен ілбігенде бір түстік жүріске жетпейтін жер.

Егемендік орнағалы Мұрат шығармалары үзіп-жарылып болса да бірнеше рет баспаларда басылды, зерттеу еңбектер дүниеге келді. 2001 жылы атыраулық жазушы-драматург, республикалық Махамбет атындағы сыйлықтың лауреаты Берік Қорқытов оның шығармаларының басын біріктіріп, өзі кіріспесін және түсініктерін жазып, «Арыс» баспасынан кітап етіп шығарды. Кейін 2013 жылы Алматыдағы «Ана тілі» баспасынан Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Омарұлының құрастыруымен Мұрат Мөңкеұлының шығармалары түгелдей дерлік кірген кітабы шықты. Осылайша өлмес мұраларымен Ащысайдың төл баласы, бүкіл қазаққа ортақ Мұрат ақын тарих төрінен берік орын тепті. Ақынның кіндік қаны тамған жерден Қарабауға кері оралып келе жатқанымызда осылардың бәрі ой елегімнен өтті.

Төлеген ЖАҢАБАЙҰЛЫ,

Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің доценті, Қазақстанның Құрметті журналисі,

Қызылқоға ауданының құрметті азаматы.

Әкім жұмысына баға беріңіздер

Аудан әкімінің жұмысына қандай баға бересің?
Елді мекендердің тазалығына қандай баға бересіз?
Әкім тағайындалғалы ауданда жұмыссыздық деңгейі өзгерді ме?