Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Кәсіпкерлерді қолдау бірінші кезекте

Өткен аптаның бейсенбісі күні «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы ғимаратында аудан әкімдігі жанындағы кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі сараптамалық кеңестің ұйымдастыруымен шағын және орта кәсіпкерлік өкілдерін ақпараттық қолдау мақсатында ашық есік күні өтті. Оған «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Атырау филиалының менеджері Ақбота Сәлімгереева, тиісті бөлім, мекеме басшылары мен мамандары, ауылдық округтерден қатысқан кәсіпкерлер мен жаңадан кәсіп ашайын деп жүрген тұрғындар қатысты.

Шараны ашып жүргізген аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Зинеш Сарбуфеева: – Ауданда кәсіпкерлік жылдан жылға даму үстінде. Алайда, аталмыш салада шешімі табылмай жататын мәселелер кездесіп, кәсіпкерлердің жұмысына кедергі келтіретіні жасырын емес. Сондықтан, бүгінгі ұйымдастырылған жиынның мақсаты – кәсіпкерлік бағытында кездесетін кедергілер, шешімін таппай жүрген мәселелер және басқа да сала бойынша сауалдарыңызға жауап беру. Мұндай жиынды алдағы уақытта ай сайын өткізу жоспарлануда, – деді. Жиын одан әрі сұрақ-жауап түрінде өрбіді. Бұған дейін мал бордақылау үшін несие алған жангелдиндік шаруагер Нұрбай Мергенғалиевтің «Қора-жай салуға несие беріле ме?»-деген сауалына, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Атырау филиалының менеджері Ақбота Сәлімгереева: «Қор арқылы мал басын көбейтуге, бордақылауға, ет-сүт өнімдерін өндіруге, кәсіпкерлік нысан салуға несие берілгенімен, қора-жай салуға қарастырылмаған», - деп жауап берді. Ал, Сағыз ауылының тұрғыны Нұргүл Елемесова өз меншігіндегі автотұрағын (гараж) моншаға айналдыру үшін не істеу керектігін сұрады. Бұл сауалға жауап берген аудандық қала құрылысы және сәулет бөлімінің басшысы Жанар Әжіғалиева құрылыс нысаны салынған жер телімінің нысаналы мақсатын өзгерту қажеттігін айта келіп, ол үшін жинақтайтын қажетті құжаттар тізбесін ұсынды. Мұқырлық кәсіпкер Күнжан Бижанова: «Бес жыл бұрын «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы несие алып, «Мұқыр-Құлсары» бағытытындағы тас жол бойына шайхана мен қонақ үй кешенін салғанбыз. Бірақ нысанға электр, газ желілері жүргізілмегендіктен қыс мезгілінде жауып қоюға тура келеді. Сондықтан электр, газ желілерін жүргізуге көмек көрсетіліп, шаруашылыққа көлік алуға несие беріле ме?, – деді.

Аудандық газ шаруашылығы мекемесінің басшысы Бауыржан Кереевтің түсіндіруінше, нысанға газ желісін жүргізу ауылішілік жобаға енсе кіргізіледі, ал, енбей қалса кәсіпкер өз қалтасынан қаржы төлеп жүргізеді. Электрмен қамту туралы түсіндірген аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Зинеш Сарбуфеева: «Жел және күн генераторына облысқа сұраныс берілді, қаржы бөлінуіне қарай шешімі табылып жатса қамтамасыз етіледі», - десе, аталмыш қор менеджері Ақбота Сәлімгереева көлік алуға несие берілетінін айтты. Ал, өткен жылы алған несиеге жем уатқыш құралдарын алып, қазіргі таңда қызмет көрсетіп жатқан миялылық кәсіпкер Жұмабай Кадуовке енді ұн дайындау үшін бидай үгітетін құрал-жабдық алуға несие қажет. Кәсіпкерге негізі бұрынғы несиесін жапқаннан кейін ғана жаңадан несие берілетінін, дегенмен ауданда тың жоба болғандықтан оң шешімін табу үшін басшылармен кеңесіп, жауап берілетіндігі айтылды. Сондай-ақ, ашық есікте көлік алуға және басқа да шаруашылықтарға несие алу жөнінде, мал шаруашылығымен айналысу үшін жер мәселесі туралы кеңес сұрағандарға тиісті сала басшылары мен мамандары кең көлемде мағлұмат беріп, түсіндірді. Шара соңында, несие алуға ниет еткен тұрғындар «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Атырау филиалының менеджері Ақбота Сәлімгерееваға құжаттарын тексертіп, кеңес алды.

Бауыржан САҚТАСИНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521