060500 Қызылқоға ауд Миялы а Қ Сәтбаев 1 +7 (71238) 21738 mialy44@mail.ru

Ұлттық мерекенің ұмытылмас сәттері

Ұлтымыздың ең ұлық мерекесі саналатын Наурыз тойы Қызылқоға ауданында да кең көлемда аталып өтті. Бұл күні ауа райы да ерекше жылы болып, шуағын шашқан күн қызылқоғалықтарды Наурыз тойын тойлауға шақырғандай әсер қалдырды.

Мерекеге орай аудан орталығы Миялы ауылының орталық көшесінде 8 киіз үй тігіліп, барлығы да қазақы нақышпен безендіріліп, әр үйдің сыртында келушілерге бауырсақ пен наурыз көже таратылды. Ал, орталық алаңда алып сахна құрылып, таңғы сегізден бастап мерекенің басталғанын білдіретін әуен қосылып тұрды. Мерекелік жиынды «Ойыл аруы» бишілер тобы қазақ биімен ашып, артынша аудан әкімі Арман Баженов аудан халқын мерекемен құттықтады. Содан кейін, аудан өнерпаздары театрландырылған көріністер қойды. Онда қаһарлы қыстың қоштасуы, көктемнің келуін атқа мінген жаршылардың хабарлауы, Қыдыр атаның бата беруі, аластау рәсімі, Сырым бидің тапқырлығы, келін түсіру, тұсау кесу сияқты көз тартар керемет қойылымдар болды. Бұл тойда ең ерекше есте қалғаны – алып тайқазанды алты жігіт ортаға алып шығып, қазақы нақышта киінген келіндердің тайқазанда піскен наурыз көжені халыққа таратуы еді. Артынша «Арман» мәдениет үйінің әншілері «Қазақ болып тумағанда не етер ем?» әнін өңдеп, аудан тарихымен байланыстара айтқанда қол соқпаған жан қалмады. Осы ән біткен бойда аудан жастары жаппай «Қара жорға» билеп, флешмоб жасауы да ең әсерлі көріністердің бірі болды. Сондай-ақ, аудан кәсіпкерлері құрған «Атамекен» ауылындағы Наурыз тойда шынайы түрде екі бүлдіршіннің тұсауы кесіліп, қыз ұзату рәсімі жасалды.

Театрландырылған көріністер аяқталған соң ұлттық ойындардан жарыс басталды. Ең қызықты саналатын мешкейлер сайысында Табылды Құмарғалиев 8 кесе наурыз көже ішіп жеңімпаз атанса, кір тасын көтеруден Думан Жекеновке жетер қарсылас болмады. Арқан тартыста бірінші орынды 1994 жылы туған ауыл жастары жеңіп алса, екінші, үшінші орындар спорт мектебі мен 1989 жылы туған жастарға бұйырды. Ал, «Кім жылдам?» эстафеталық сайысында «Ауыл жастары» командасы бірінші орын, 9 сынып оқушылары екінші орын, Жангелдин құрамасы үшінші орынды жеңіп алды. Биылғы Наурыз тойдың тағы бір ерекшелігі көше тұрғындарының да өз үйлерінің маңына киіз үй тігіп атап өтуі болды. Аудан ортылығы Миялыда 21, 22, 24 наурыз күндері үш жерде көше наурыз тойы аталып өтті. Соның ішінде ПМК ауылы ерекше белсенділік танытты. Бұл ауылда жайылған дастарқан мен асылған астан бөлек қазақ күресінен «ПМК барысы» жарысы өтті. Бұл жарыстың басты шарты – тек қана ПМК ықшамауданының тұрғындары қатысуы тиіс. Тартысты өткен сайыста Сержан Оқасов қарсыластарының бәрін ұтып, «ПМК барысы» атанса, одан финалда ұтылған Серік Қапашов екінші, Асылан Сембаев үшінші орынды жеңіп алды. Ал, жасы қырыққа таяса да жастармен бірге боз кілемге шығып, жартылай финалға дейін жеткен Бекзат Әлмұқашов ынталандыру сыйлығына ие болды.

Дулат БЕРІКҰЛЫ

Редактор-Журналист

Әкім жұмысына баға беріңіздер

Аудан әкімінің жұмысына қандай баға бересің?
Елді мекендердің тазалығына қандай баға бересіз?
Әкім тағайындалғалы ауданда жұмыссыздық деңгейі өзгерді ме?