060500 Қызылқоға ауд Миялы а Қ Сәтбаев 1 +7 (71238) 21738 mialy44@mail.ru

«Адам ауылдан көшкенмен, ауыл адамнан көшпейді» немесе сіз туған жерге қаншалықты үлес қосып жүрсіз?

Көпшілігіміз Отан деген ұғымды әртүрлі түсінеміз. Біреулер үшін ол – отбасы болса, енді біреулер үшін – өмір сүруге қолайлы туған жері. Туған жеріне, еліне деген махаббатын арнап, сүйіспеншілігін білдірмеген адам жоқ шығар, сірә? Өскен өңіріне әркім әрқалай үлес қосады. Шамасы жеткендер мешіт салдырады, бабаларына ас береді, бәйге, айтыс, жарыс ұйымдастырады, мұқтаждарға қайырымдылық жасайды. Ал, талабы жоғарылар шыққан биігімен ауыл атын асқақтатса, іскер жандар өздері туып-өскен өңірлердің экономикасын көтеруге, туған жерге қолдарынан келгенше көмек көрсетуге ұмтылады. Осы орайда, «Туған жеріңе қаншалықты үлес қосып жүрсіз?» деген заңды сауал туындайтыны анық. Біз сол сұраққа жауап іздеп көрдік.

Қажеттіліктен жоспар жасалады

Туған ауылға деген құрмет, өскен ортаңа деген алғысың іспеттес. Әрине, оның өлшемі болмайды. Әркім өзінің мүмкіндігіне қарай құрметін білдіреді. Ол ауылыңа деген сағыныш, мақтаныш, оның тарихын білуден бастап, өз өлкеңнің өркендеуіне ат салысу, адамдарға қажет болса қол ұшын беруге дайын болу. Мұны міндетті деп айтуға да болмайды. Өйткені, ол әр адамның өзіндік жүрек нұрына байланысты. Біреу ауылдан кеткен соң, оны қайтып көрмей жүре береді. Ал, кейбірі сырттай хабарын біліп отырады. Сондай-ақ, «той-томалақтан қалмай ас ішіп, аяқ босатуға» келетіндер де табылады. Алайда, қазіргі кезде ауылының ішкі тірлігіне тікелей араласып, оның шырайын шығаруға ат салысып жүргендер баршылық. Өзім ауылдан кеткеніме жарты ғасырдан асты. Сонда да жүрегімнің түкпірінде ауылға деген сағыныш жатыр. Әрине, бұл айтуым қызыл сөз болмас.

Адам алдымен жақсылықты өзіне жасау керек. Содан кейін мүмкін болса басқаға қарайласасың. Міне, өз қолым өз ауызыма жеткен соң ауыл тірлігіне араласып келемін.

Кезінде аудан әкімі болған Берік Сәрсенғалиев маған «Миялы ауылынан қонақ үй салып берсеңіз» деп өтініш айтқан еді. Ол өтініш орындалып, қазір халықтың игілігіне жұмыс істейді. Сонымен қатар, Ораза кездерінде елге келіп мешітте зекет, садақа беруге тырысамыз. Бұл да парызым ретінде аз да болса жәрдем ғой.

Оған қоса, білім алған мектебің де ыстық болады екен. Мен Х.Досмұхамедов атындағы орта мектепті (Крупская атындағы орта мектеп) 1962 жылы бітірдім. Жыл сайын осы мектептің аз қамтылған отбасынан шыққан бір түлегіне университетке, бір түлегіне колледжге тегін оқуға өзімнің (университет президентінің) грантын бөліп отырамын. Бұл үрдістің жалғасып келе жатқанына он жылдан асты. Қазіргі таңда, сол оқу орнын тәмамдаған алғашқы түлектер ауылда еңбек етіп жүр. Әрине, ауылдан келіп оқуға түскен балаларды бітіргенше қадағалаймын. Қызылқоға өңірінен шыққан, кезінде ұмыт қалған айтулы тұлғалар өткен. Олардың ішінде зұлмат заманның жазықсыз құрбаны болған ақтаңдақтар баршылық. С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университеті мен Қызылқоға ауданының әкімдігі бірлесіп, соларды жас ұрпаққа таныстыру мақсатында үш рет Миялы, Сағыз ауылдық округтерінде ғылыми-практикалық конференция өткізіп, мемориал салуға үлес қостық. Кітаптар басып шығардық. Әрине, болашақта да қарап қалмаспыз. Негізінен, жоспар жасау қажеттіліктен шығады ғой. Егерде ұсыныстар түсіп жатса, оған білек сыбана кірісуге дайынмын.

Бекежан АХАН,

С.Бәйішов атындағы университеттің президенті.

Жастарды қолдау керек

Әрбір азамат өзінің туған жерімен қадірлі ғой. Жалпы, өзім осы туған жердің таңымен атып, күнімен батамын. Әрдайым, туған ауылымда болған жақсылықтарға қуанып, кейбір көлеңсіз жайттарға ренжіп отырамын. Соның өзі, ауылым үшін жасап жүрген игі істерімнің бірі деп есептеймін. Себебі, Қызылқоғамның мөлдір суын, таза ауасын, құнарлы шөбін, төрт түлік малды, ең басты байлығымыз адамдардың азаматтық ажарымен жетісіп жүремін. Қай қалада жүрейін, қай ортада болмасын, Қызылқоға өңірі өндіріс орыны болмаса да, жолы шалғай жатса да, қарапайым халықтың өз еңбегінің арқасында көптеген жетістіктерге жетуде. Туған жерді мақтаудың өзі, оның жеткен жетістігін көре білу туған жерге жасаған адал еңбек дер едім. Өйткені, кез келген адамның бір зәулім үй тұрғызуға немесе жол төсеп тастауға қауқары жетпеуі мүмкін. Алайда, адал ниетімен, көз көрген жақсылыққа марқайып жүрудің өзі үлкен ерлікпен пара-пар.

Қолмен атқарған, өзім бас болып, өзім демеушілік танытқан жұмыстар аталып та, жазылып та жүр. Оны атап отыру қажет те болмас. Бірақ, ең негізгі кәсібім ауыл шаруашылығы саласындағы шаруагерлерді жұмылдырып, жақсы істерге бас-тамашы болуымның өзі ауылыма қосқан ең жоғары үлесім деп білемін. Өйткені, менің ауылдан өзге, басқа қалаларда бизнестерім бар. Әйтсе де, осынау ата кәсіптің бейнеті көп, қаражаты аз бола тұра, туған жерге деген махаббатпен атқаруым әрбір ауыл азаматына үлгі болса деген арманым бар. Себебі, қазіргі таңда, мал шаруашылығына шаруагерлердің жетіспеуі, малмен айналысқысы келмейтін жастардың көптігі аудандық газет бетінде кеңінен талқыланып жүр. Сондықтан да, бұл ата кәсіптің арбасын алға жылжыту үлкен қажырлы еңбекті қажет етеді.

Жалпы, «Еліме арнап қызмет етемін» деген сөз көп айтылғанымен, оның негізгісі туған ауылыма қызмет етемін деушілердің саны аз болып отыр. Осы тұста, мектептерде өскелең жастарға туған жерге қызмет ету бағытында көптеген түсінік жұмыстарын жүргізіп, тіпті белгілі бір іспен бастап айналысу барысында, қолтығынан демеу керек деп ойлаймын. Әрине, содан соң, оны көрген кейінгі буын неге солай жасамасқа. Негізінен, жеке кәсіпкерлердің жасап жатқан еңбектері орасан. Оларды жіктеп отыру, азаматқа тән емес. Алайда, оны аудандық басылым бетінде көтерудің өзі газетті қолына алған оқушы мен жастың ойына түрткі болсын деген түпкі ойы бар тәрізді. Иә, өз басым, барлық ортада, тіпті жастар болсын, үлкендер болсын өзі ойлап жүрген кәсіпті ашуға жұмыстануға шақырамын. Оған көмек беруге де қарсы емеспін. Ең бастысы, нәтиже болуы қажет. Ал, нәтиже шығуы үшін кез келген істі жүрекпен сезіне білгені жөн.

Мұрат САРМАНОВ,

жеке кәсіпкер.

Қолдау болса, жақсы идеялар табылады

Жақсылыққа қайырымдылықпен жауап беру әр жанның болмысына біткен ізгі амал. Маңайыңдағы мұқтаждарға мейірімділік пен ізгілік, достыққа адалдық таныту – адамгершіліктің белгісі болса, адамзаттың барлығына «бауырым» деп қарау Абайдан қалған өсиет.

Осы тұста, адам жақсылық жасауды күнделікті ісі ететін болса, елге де өзіне де пайдасы мол болары сөзсіз. Негізі өзім «Жүрекке жол» еріктілер тобының қатарында болғандықтан біз қазіргі таңда әкімнің ұсынысы бойынша жұмыстар атқарғанды жөн санаймыз. Оған ауылда бос жүрген жақсы іспен айналысқысы келетін жастарды жұмылдыра отырып, қайырымдылық іспен көбірек айналысқымыз келеді. Қазір рас «Кәусарға көмек» қайырымдылық шарасына қатысқан жастардың белсенділігі көп ортада айтылуда. Бұл жалғасын табуы керек. Алайда, тағы да басқа көмекке мұқтаж жандарға көмек қолын созып, жалғыз басты аналар, денсаулықтарында кінәраты бар қарттарға қол ұшын бергеніміз ләзім. Осы арқылы біз өз жерімізде жақсылыққа құштар жастарды тәрбиелеп, елдің ертеңіне сеніммен қарай аламыз.

Жалпы ауданымыз бойынша қайырымдылыққа әркез дайын Бимырза Ғалиев, Медет Серікбаев, Асылбек Мұратов сынды ағаларымды айта кеткенді жөн көрдім. Өйткені, біз қазақ халқы бір-бірімізге болсын дейтін ең бақытты ұлттың біріміз.

Біз туған жерге қызмет етуді жан-жақты қарастыруымыз керек. Жастардың қолында көп қаражат жоқ. Алайда, күш-жігер мен жаңашыл идеялар тоғысқан. Мінекей, осы арқылы біз туған жеріміздің өркендеуіне шексіз үлес қоса аламыз.

Азамат САБЫТАЕВ,

белсенді жас.

Спортшыларға сыйлық жасады

Қызылқоға топырағында дүниеге келген жігіттердің осалы болмас. Соның ішінде, көпшілігінің спорттың әр саласында биікті бағындырып жүргені де көпке мәлім. Осы тұста, спортшылар мейлінше жарысқа көптеп қатысу тұрғысында көмекке мұқтаж екені рас. Әсіресе, енді-енді буыны қатайып келе жатқан балғын спортшылардың ертеңі мені алаңдатады. Жаттықтырушы ретінде, олардың жетістігімен марқаямын. Бұл тұрғыда, «Сағыз и КО» ЖШС-нің директоры, меценат Сағызбек Тастеміровті тілге тиек еткім келеді. Ол былтырғы жылы Сағыз ауылынан өз қаражатымен күрес залын салып берді. Әрине, күрес залыжаңа құрал-жабдықтарымен қамтылған және де жаттығу залы өте кең. Халқымыз «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деп бекер айтпаса керек. Әрине, Сағызбек Тастеміровтің аудан, қала берді ауыл жұртшылығы үшін жасаған игілікті ісі көпке үлгі. Қыркүйек айында өзім осы күрес мектебіне жұмысқа келгенімде отызға тарта бала ғана жаттығатын. Ал, бүгінде сексеннен асты. Әрине, жеткен жетістіктер де жоқ емес. Айталық, 7 облыстық жарыстың жеңімпазы, 15 облыстық біріншіліктің жүлдегерлері, 4 республикалық турнирдің жеңімпазы, 5 республикалық турнирдің жүлдегері және алдағы Қазақстан Республикасының біріншілігінде балуандарымыз бақтарын сынайды.

Жалпы, күрес мектебінде қазіргі таңда 2-сыныптан 11-сыныпқа дейін оқушылар жаттығады. Ынталары мен жеңіске деген жігерлері алаулап тұрған жас спортшыларды көргенде ел мерейінің өскендігін байқайсың. Ал, ел ағаларының осындай жүректерінде жалыны бар балуандарды қолдауда алдарына жан салмауы ел үшін туған перзент екендігін айқындайды. Әрине, олар спортшыларға көмек көрсетіп, туған жерге үлес қосса, біз де оларға рақмет ретінде апайтөс балуандарды дайындап шығарамыз.

Сәлімгерей НҰРБОЛҒАНОВ,

Сағыз күрес мектебінің жаттықтырушысы.

Тұрғындар Сембайға риза

Иә, мейлінше жасалар игі істердің ауылға бұрылғаны жөн. Өйткені, ауылдың кейбір тыныс-тіршілігі аудан орталығының тасасында қалып қойып жатады. Айталық, көптеген айшықты шаралар, үлкен фестивальдар аудан орталығында өтеді. Әрине, оған ауылдағы барлық тұрғынның баруға жағдайы көтермейді. Менің айтпағым, қазір ізденісте жүрген жастардың іске асқалы жатқан жұмыстары ауылда көрініс берсе нұр үстіне нұр болар еді. Негізінен, ауылда тұрып жатқан азаматтардан гөрі, туған жерін сағынып, қадірін түсініп жүргендердің көмегі көптеп тиіп жатыр. Атап айтсақ, осы Қарабау ауылында дүниеге келіп, мектепті тәмамдаған, қазіргі таңда Атырау қаласының тұрғыны, жеке кәсіпкер Сембай Сағынғалиевқа ауыл тұрғындарының алғысы шексіз.

Облыстан ауылға қатынайтын тұрғындардың жол азабын көріп келе жатқанына біраз жыл болды. Ал, Сембай Ахметұлы болса, Доссор-Қарабау арасындағы 120 шақырым қашықтықтағы жерді қырып, тегістеп берсе, осы жол арасына жолаушылар демалатын арнайы орын салды. Ауылда туып-өскен перзенттің қарапайым халыққа жасаған игі істері орасан. Соның ішінде, Жайдарман ойындарынан Астана қаласына жолдама алған «ҚҚШ жастары» командасына қаржылай көмек көрсетті. Әрине, ауылдан түлеп ұшқан перзенттің жақсы істерін айтпасқа болмас. Осы орайда, ауыл жастары күрес мектебіне зәру. Булығып өсіп келе жатқан ауыл баласының спортпен айналысып, өзіне сенімді қадамдарды жасауына септігіміз тисе, туған жерге қосқан өлшеусіз үлес болар еді.

Қанат ҚАЙРУЛЛИН,

Қызылқоға ауылдық округінің әкімі.

Жауғаштыдан үлгі алайық

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласындағы тұжырымдардан ауыл жұрты кеңінен хабардар. Мемлекет басшысы бұл еңбегінде алты жобаны ұсынады. Солардың бірі – «Туған жер» бағдарламасы. «Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. «Ауылым – әнім» атты әнді айтқанда, «Туған жерін сүйе алмаған, сүйе алар ма туған елін» деп шырқайтын едік қой. Бажайлап қарасақ, бұл мағынасы өте терең сөздер», – дейді Елбасы. Иә, қарттық белесі көрінген шақта туған жердің қадірін, қасиетін түсінеді екенсің. Осы орайда, осынау қасиетті мекенде дүниеге келіп, көз көрген қуаныштарға білек сыбана кіріскен азаматтар өте көп. Солардың бірі – Жауғашты Нәбиев.

Ол нағыз патриотизмнің, отаншылдықтың, азаматтықтың үлгісін көрсетіп жүр. Айтыңызшы, елді мекенде туған дарынды тұлғаларға ескерткіш орнату, сарқылмас қазына кітап шығару, барлық қажеттілікке бейжай қарамай «бұл менің туған жерім еді» деп арнайы ат басын бұру кез келгеннің жасайтын ісі емес. Негізінен, мұндай азаматтар мақтағанға масаттанбайтын, қанағатпен өмір сүретін жандар. Десек те, қазақта «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деп бекер айтылмаса керек. Әрине, ол барлық істі өз ойымен, жүрек қалауымен жүзеге асырды. Айталық, Сағыз ауылына «Абдолла Хазірет» мешітін салып берсе, Қызылқоға ауданына 60, 70 жыл толуына орай өткен шараларға көмек қолын созды. Сондай-ақ, Сағыз ауылының «Сағыз бойы ен жайлау» атты энциклопедиясын өз қаражатымен шығарып, елге тегін таратты. Ал, Былқылдақты елді мекенінде саяси қуғын-сүргін құрбандары болған Алаш азаматтарына ескерткіш тақта орнатса, 1993 жылдары Х.Досмұхамедовтың көп томдық шығармаларын қайта бастыруға демеуші болды. Бұған қоса, қызылқоғалық көптеген ақын-жазушылардың кітабын шығаруға да қол ұшын созды. Тағы бір айта кететін жайт, Сағыз ауылындағы бір тұрғынның отбасына тұрғын үй алып беруге көмектесті. Сонымен қатар, Алматы қаласында оқушылар арасындағы өтетін спорттық, мәдени-көпшілік, білім сайыстарына қатысатын балалардың жол қаражатына, Сағыз ауылындағы денсаулығы нашарлаған түрліше азамат, азаматшалардың еміне демеуші болды. Сондай-ақ, Алматы қаласында «Бекет ата» мешітінің де салынуына өз үлесін қосты. Мұндай тағылымды іске қалай тебіренбессің, әркімнің қолынан келе бермес шапағатты шаруаны тындырған азаматты қалай мақтамассың, онымен қалай мақтанбассың! Қысқасы, туған жерін қадір тұтқан әрбір азамат Жауғаштының өнегесін өрісті етсе нұр үстіне нұр.

Жасан ЕСҚАЙЫРОВ,

Сағыз ауылының тұрғыны.

Түйін:

Қашанда халқымыз үшін ауыл – руханиятымыздың темірқазығы, ұлттық құндылықтарымыздың алтын бесігі, береке мен байлығымыздың бастауы екені даусыз. Осындай қасиетті мекенде дүниеге келген перзенттің туған жер үшін аянбай еңбек етуі де заңдылық. Әрине, ауыл-аймағымыз даму жолында келе жатыр. Алайда, сол даму процесінде жастардың, ел ағаларының, қызметтегі азаматтардың тың идеялармен жұмылғаны жөн. Ендеше, туған жеріңді түлеткенге не жетсін?!

Нұрсәуле ЖАУЫНБАЕВА.

Әкім жұмысына баға беріңіздер

Аудан әкімінің жұмысына қандай баға бересің?
Елді мекендердің тазалығына қандай баға бересіз?
Әкім тағайындалғалы ауданда жұмыссыздық деңгейі өзгерді ме?